Жарияланым этикасы

«Қазақстанның кен журналының» баспа этикасы. Ғылыми жарияланымдар этикасы

«Қазақстанның кен журналының» редакция алқасы халықаралық қоғамдастық тарапынан қабылданған, атап айтқанда, сондай-ақ беделді халықаралық журналдар мен басылымдардың бағалы тәжірибесін ескереді.

Жариялау қызметінде жосықсыз практиканың (плагиат, айғақсыз мәліметтерді баяндау және т.б.) алдын алу үшін, ғылыми жарияланымдардың жоғары сапасын, автор қол жеткізген ғылыми нәтижелерді қоғамдастықтың мойындауын қамтамасыз ету мақсатында редакция алқасының әр мүшесі, автор, рецензент, баспагер, сондай-ақ баспа процесіне қатысатын мекемелер этика стандарттарын, нормалары мен ережелерін сақтауға және олардың бұзылуына жол бермеу үшін барлық ойға қонымды шараларды қабылдауға міндетті. Бұл процестің барлық қатысушыларының ғылыми жарияланымдар этикасы ережелерін сақтауы авторлардың зияткерлік меншік құқықтарын қамтамасыз етуге, басылым сапасын арттыруға және авторлық материалдардың жекелеген тұлғалардың мүдделерін көздей отырып құқыққа қайшы қолданылу мүмкіндігін болдырмауға жағдай жасайды.

Осы ережеде қолданылатын негізгі терминдер:

Ғылыми жарияланымдар этикасы – бұл авторлардың, рецензенттердің, редакторлардың, баспагерлер мен оқырмандардың ғылыми жарияланымдарды дайындау, тарату және қолдану процесіндегі өзара қатынастарындағы кәсіби жүріс-тұрыс нормалары жүйесі.

Автор – бұл ғылыми зерттеу нәтижелері бойынша жарияланымды дайындауға қатысатын тұлға немесе тұлғалар тобы (авторлар ұжымы).

Бас редактор – редакцияны басқаратын және журналды өндіру мен шығаруға қатысты түпкілікті шешім қабылдайтын тұлға.

Баспагер – ғылыми жарияланымды жарыққа шығаратын заңды немесе жеке тұлға.

Ғылыми мақала – аяқталған және жарияланған авторлық туынды.

Плагиат – ғылым немесе өнер саласындағы бөтен туындылардың, бөтен идеялардың немесе өнертабыстардың авторлық құқығын әдейі иемдену. Плагиат авторлық-құқықтық заңнама мен патенттік заңнаманы бұзу болып табылуы және осыған байланысты заңи жауаптылыққа себепші болуы мүмкін.

Редактор – ғылыми журналдың немесе басылымның жарияланымға арналған материалдарды дайындайтын, сондай-ақ ғылыми жарияланымдардың авторларымен және оқырмандарымен байланыс орнататын өкілі.

Редакция алқасы – бас редакторға басылып шығарылатын туындыларды таңдау, дайындау және бағалау кезінде көмек көрсететін беделді тұлғалар тобынан құрылған кеңесші орган.

Рецензент – ғылыми журнал немесе баспа атынан әрекет ететін және авторлық материалдарды жариялау мүмкіндігін анықтау мақсатында оларға ғылыми сараптама жүргізетін сарапшы.

Қолжазба – жариялау үшін редакцияға берілген, әлі жарияланбаған авторлық туынды.

Оқырман – жарияланған материалдармен танысқан кез келген тұлға.

Баспагер қызметіндегі кәсіби этика қағидалары

Өз қызметінде баспагер авторлық туындыларды жариялау үшін жауап береді, бұл ретте ол келесі негіз құраушы қағидалар мен процедураларды басшылыққа алуы қажет:

  • Редакцияның, редакциялық-баспа тобының, редакция алқасының, рецензенттер мен авторлардың осы талаптарға сәйкес этикалық міндеттерді орындауына ықпал ету.
  • Журнал редакциясының жарияланатын материалдардың этикалық аспектілеріне қатысты шағымдарды қарауына қолдау көрсету және басқа журналдармен және/немесе баспагерлермен өзара әрекеттестік орнатуына (егер бұл редакторлардың міндеттерінің орындалуына ықпал ететін болса) көмектесу.
  • Авторлардан алынған жарияланымның және оны жариялау сәтіне дейінгі кез келген ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету.
  • Журнал қызметінің коммерциялық жоба болып табылмайтынын және пайда алу мақсатын көздемейтінін түйсіну.
  • Қажет болған кезде түзетулер, түсіндірмелер, қарсы пікірлер жариялап, кешірім сұрауға әрдайым дайын болу.
  • Журнал редакциясына плагиат пен айғақсыз деректерден тұратын жарияланымдарды алып тастау мүмкіндігін ұсыну.

Егер қолжазба осы журналда қабылданған және Баспамен келісілген Ережелерді бұзу арқылы рәсімделген болса, баспа (редактор) қолжазбаны қабылдамауға немесе автордың оны жетілдіруін талап етуге құқылы.

Мақала жариялау үшін қабылданған жағдайда, ашық түрде жарияланады; авторлардың авторлық құқықтары сақталады.

Егер автор мақалада мұндай ақпарат берсе, зерттеуді қаржылай қолдау туралы ақпаратты жариялау.

Мазмұндық, грамматикалық, стилистикалық және басқа да қателер анықталған жағдайда, редакция оларды жою үшін барлық шараларды орындауға міндетті.

Мақалаға енгізілетін редакторлық түзетуді автормен келісу.

Журналдың шығарылуын кешіктірмеу.

Ғылыми жарияланым авторы басшылыққа алуы тиіс этикалық қағидалар

Авторлар (немесе авторлар ұжымы) ғылыми журналға материалдарды беру кезінде ғылыми зерттеу жаңалығының және оның нәтижелерінің айғақтылығы үшін бірінші кезекте жауап беретіндіктерін түсінеді, бұл ретте келесі қағидаларды сақтау көзделеді:

  • Мақала авторлары жүргізілген зерттеулердің айғақты нәтижелерін ұсынулары тиіс. Көрінеу қате немесе бұрмаланған тұжырымдарды қолдануға болмайды.
  • Авторлар ұсынылған қолжазбада баяндалған зерттеу нәтижелерінің толығымен түпнұсқалы екеніне кепілдік берулері тиіс. Көшіріп алынған үзінділер немесе тұжырымдар олардың авторы мен бастапқы дереккөзді міндетті түрде көрсете отырып рәсімделуі тиіс. Шектен тыс көшіріп алу, сондай-ақ плагиаттың кез келген түрі, соның ішінде рәсімделмеген дәйексөздер, бөтен зерттеулердің нәтижелерін өзгертіп айту немесе оларға қатысты құқықтарды иемдену этика нормаларына сай келмейді және дұрыс емес. Сілтеме берместен көшіріп алуды редакция алқасы плагиат түрінде қарастырады.
  • Авторлар қолжазбада тек түпнұсқа фактілер мен мәліметтерді келтірулері; басқа зерттеушілердің тәжірибелерді тексеруі мен қайталауы үшін жеткілікті ақпарат берулері; ашық жазбаша рұқсат алмастан, жеке тәртіпте алынған ақпараттарды қолданбаулары; деректердің бұрмалануына жол бермеулері тиіс.
  • Жарияланымдардың қайта жариялануына жол бермеу (ілеспе хатта автор жұмыстың алғаш рет жарияланатынын көрсетуі тиіс). Егер қолжазбаның жекелеген элементтері бұрын жарияланған болса, автор бұрынғы жұмысқа сілтеме жасауға және жаңа жұмыстың бұрынғысынан өзгешеліктерін көрсетуге міндетті.
  • Авторлар басқа журналға жіберілген және қаралу үстіндегі қолжазбаны, сондай-ақ басқа журналда жарияланған мақаланы журналға ұсынбаулары тиіс.
  • Зерттеу барысына қандай да бір тәртіпте әсер еткен барлық тұлғалардың үлесін мойындау қажет, нақтырақ айтқанда, мақалада зерттеу жүргізу кезінде маңызға ие болған жұмыстарға сілтемелер берілуі тиіс.
  • Авторлар үшінші тұлғалардың зерттеулеріне қатысты сын айту немесе ескертпелер беру кезінде этика нормаларын сақтаулары тиіс.
  • Зерттеу жүргізуге елеулі үлесін қосқан тұлғалардың барлығы мақаланың бірлескен авторлары түрінде көрсетілуі тиіс. Бірлескен авторлар қатарына зерттеуге қатыспаған тұлғаларды көрсетуге жол берілмейді.
  • Авторлар редакция алқасы мен рецензенттердің жұмысына құрметпен қараулары және көрсетілген кемшіліктерді жоюлары немесе оларды дәлелді түрде түсіндірулері тиіс.
  • Авторлар қолжазбаны журналда қабылданған ережелерге сай ұсынып, рәсімдеулері тиіс.
  • Егер автор мақаланы қарау кезінде немесе оны жариялағаннан кейін елеулі қателерді немесе сәйкессіздіктерді анықтаса, бұл туралы дереу журнал редакциясына хабарлауы тиіс;
  • Авторлар редакция алқасына немесе баспагерге бастапқы мақаланың дұрыстығын растайтын дәлелдемелерді ұсынулары, әлде редакция алқасына немесе баспагерге үшінші тұлғалар арқылы белгілі болған елеулі қателерді түзетулері тиіс.

Рецензент қызметіндегі этика қағидалары

Рецензент авторлық материалдарға ғылыми сараптама жүргізеді, осыған байланысты оның әрекеттері күн ілгері кесіп-пішілмеген болуы тиіс. Бұл ретте келесі қағидалар басшылыққа алынады:

  • Рецензиялау үшін алынған қолжазба редакция тарапынан тиісті өкілеттіктер берілмеген үшінші тұлғаларға танысу немесе талқылау үшін табыстауға болмайтын құпия құжат түрінде қарастырылуы тиіс.
  • Рецензенттер оларға жіберілген қолжазбалардың авторлардың зияткерлік меншігі екенін және жариялауға болмайтын мәліметтерге жататынын міндетті түрде білулері тиіс. Рецензент мақалада баяндалған материалдардың дұрыс еместігі немесе бұрмалануы туралы мәлімдеген жағдайда ғана оның құпиялылығын бұзуға болады;
  • Рецензент бағаланып отырған қолжазбаның қандай да бір өзге жұмыспен едәуір немесе ішінара ұқсас екеніне, сондай-ақ осы немесе басқа авторлардың өзге жұмыстарында бұған дейін жарияланған ережелерге, қорытындыларға немесе дәлелдерге сілтемелердің берілмеу жайттарына бас редактордың назарын аударуы тиіс.
  • Рецензент цитаталанбаған (мақалада), бұған дейін жарияланған тиісті жұмыстарды атап көрсетуі тиіс.
  • Рецензент баяндалған зерттеу нәтижелеріне объективті әрі айғақты баға мен нақты негізделген ұсыныстар беруге міндетті. Автордың жеке басына сын айтуға болмайды.
  • Рецензенттердің ескертпелері мен ұсыныстары объективті әрі негізді болуы, қолжазбаның ғылыми деңгейін арттыруға бағытталуы тиіс.
  • Рецензент нақты жайттар негізінде шешімдер шығарып, өз шешіміне дәлелдемелер келтіруі тиіс.
  • Рецензенттерге өз қажеттіліктері үшін қолжазбалардың көшірмелерін жасауға рұқсат етілмейді.
  • Рецензенттер жұмыс жарияланғанға дейін оның мазмұны туралы білімді өз мүдделері үшін қолдануға құқылы емес.
  • Өз пікірі бойынша қолжазбаны бағалау үшін жеткілікті біліктілігі жоқ деп есептейтін, әлде объективтілік таныта алмайтынын (мысалы, автормен немесе ұйыммен мүдделер қайшылығы болған жағдайда) білетін рецензент бұл туралы редакторға хабарлап, оны осы қолжазбаны рецензиялау процесінен алып тастауды сұрауы тиіс;

Мақалаға сын-пікір білдіру құпия түрде жүзеге асырылады. Рецензенттің аты-жөнін журналдың бас редакторы біледі. Бұл ақпарат жарияланбайды.

Бас редактор қызметіндегі кәсіби этика қағидалары

Өз қызметінде бас редактор авторлық туындыларды жариялау үшін жауап береді, бұл ретте ол келесі негіз құраушы қағидаларды басшылыққа алуы қажет:

  • Жариялау туралы шешім қабылдау кезінде ғылыми журналдың бас редакторы ұсынылған деректердің айғақтылығына және қаралып отырған жұмыстың ғылыми маңыздылығына сүйенеді.
  • Бас редактор қолжазбаның интеллектуалдық мазмұнын авторлардың нәсіліне, жынысына, жыныстық бағдарына, діни көзқарастарына, шығу тегіне, азаматтығына, әлеуметтік жағдайына немесе саяси ұстанымдарына тәуелсіз бағалауы тиіс.
  • Қарауға ұсынылған қолжазбадан алынған жарияланбаған деректер автордың жазбаша келісімінсіз жеке мақсаттар үшін қолданылмауы немесе үшінші тұлғаларға берілмеуі тиіс. Редакциялау барысында алынған және ықтимал артықшылықтармен байланысты ақпараттар мен идеялар құпия сақталуы және жеке пайда алу мақсатында қолданылмауы тиіс.
  • Бас редактор ақпараттың плагиат екендігі туралы жеткілікті негіздер болған жағдайда, оны жариялауға жібермеуі тиіс.

Бас редактордың өз қызметіндегі міндеттері:

– журналды тұрақты түрде жетілдіру;

– пікірлер еркіндігі қағидасын басшылыққа алу;

– журнал оқырмандары мен авторларының қажеттіліктерін қанағаттандыруға талпыну;

– бизнестік немесе саяси мүдделердің материалдарды жариялау туралы шешімдер қабылдауға әсер етуін болдырмау;

– материалдарды жариялау туралы шешім қабылдау кезінде келесі негізгі критерийлерді басшылыққа алу: қолжазбаның журнал тақырыбына сай болуы; ұсынылған мақаланың өзектілігі, жаңалығы және ғылыми маңыздылығы; анық баяндалуы; нәтижелердің айғақтылығы және қорытындылардың аяқталғандығы. Зерттеу сапасы мен оның өзектілігі жариялау туралы шешім қабылдау негізі болып табылады;

– жарияланатын материалдардың жоғары сапасын қамтамасыз ету және дербес ақпараттың құпиялылығын сақтау үшін барлық ойға қонымды шараларды қолдану;

– мақаланы жариялау туралы түпкілікті шешім қабылдау кезінде рецензенттердің ұсыныстарын ескеру. Жариялау туралы шешім шығару үшін жауапкершілік толығымен журналдың редакция алқасына жүктеледі;

– мақаланы қабылдау немесе қабылдамау жағдайында өз шешімін негіздеу;

– рецензияланатын материал авторының өз зерттеу тұғырын негіздеуіне мүмкіндік беру;

– редакция алқасының құрамы өзгерген жағдайда, бұрынғы құрамның материалды жариялау туралы шешімдерінің күшін жоймау.

Бас редактор баспагермен бірлесіп, қаралған қолжазбаларға немесе жарияланған материалдарға қатысты шағымдарды жауапсыз қалдырмауы, сондай-ақ жанжалды жағдай анықталған кезде бұзылған құқықтарды қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараларды орындауы тиіс.

Мақалаларды шығару кезінде басшылыққа алынатын қағидалар

Редакция алқасының баспа этикасын сақтауы.

Мақалаларды қабылдамау кезінде басшылыққа алынатын қағидаларды сақтау.

Академиялық хаттың тұтастығын сақтау.

Коммерциялық мүдделер болған жағдайда, зияткерлік және этикалық нормаларға нұқсан келтірудің алдын алу.

Қажет болған кезде түзетулер, түсіндірмелер, қарсы пікірлер жариялап, кешірім сұрауға дайын болу.

Плагиат пен алаяқтық сипаттағы деректердің жариялануының алдын алу.

Мүдделер қайшылығы

Жарияланым этикасының бұзылу жағдайларының алдын алу үшін қолжазбаны жариялау процесіне қатысушы барлық тараптардың мүдделер қайшылығына жол бермеу керек. Мүдделер қайшылығы авторда, рецензентте немесе редакция алқасы мүшесінде олардың әрекеттеріне әсер етуі мүмкін қаржылық, ғылыми немесе жеке өзара қатынастар болған жағдайда туындайды. Мұндай өзара қатынастар екіжақты міндеттемелер, бәсекелес мүдделер немесе бәсекелес бейілділік деп аталады.

Мүдделер қайшылығының алдын алу мақсатында, журналдың қабылданған этикалық нормаларына сәйкес, әр тарапқа келесі міндеттер жүктеледі.

Редактордың міндеттері:

– бастапқыда тағайындалған рецензентте ұсынылған қолжазба авторымен мүдделер қайшылығы болған жағдайда, қолжазбаны қарау үшін редакция алқасының басқа мүшесіне беру;

– қолжазбаны жариялау процесіне қатысушылардың барлығынан бәсекелес мүдделердің туындау мүмкіндігі туралы ақпаратты сұрау;

– егер құпия ақпарат болып табылмаса және жарияланған жұмысты оқырманның немесе ғылыми қоғамдастықтың бағалауына әсер етуі мүмкін болса, автордың хатында көрсетілген ғылыми және / немесе қаржылық мүдделер қайшылығына қатысты ақпаратты жариялау туралы шешім қабылдау;

– егер мүдделер қайшылығы туралы ақпарат мақаланы жариялағаннан кейін алынған болса, түзетулердің жариялануын қамтамасыз ету.

Автор:

– өз жұмыс орнын және зерттеуді қаржыландыру көзін көрсетуге міндетті.

Рецензент:

– бас редакторға мүдделер қайшылығының (екіжақты міндеттемелердің, бәсекелес мүдделердің) болуы туралы хабарлауға және қолжазбаны сараптамадан өткізуден бас тартуға міндетті.

Бұзушылықтар

Редактор, автор немесе рецензент тарапынан жарияланым этикасының бұзылуына байланысты жағдай туындаған кезде міндетті тергеу жүргізу талап етіледі. Бұл жарияланған материалдарға да, жарияланбаған материалдарға да таралады. Редакция алқасы тараптардың бірімен мүдделер қайшылығы болуы мүмкін тұлғаларды тартпастан, түсіндірмелер беруді талап етуге міндетті. Егер елеулі сәйкессіздіктер кездесетін материал жарияланған болса, ол оқырмандар мен индекстеу жүйелері үшін қолжетімді нысанда дереу түзетілуі тиіс.